Новости

Өмірі еңбекпен өрілген

Омаров Серік Әжімұқанұлы

«Казфосфат» ЖШС «Қаратау» тау -кен өңдеу кешенінің фосфорит кенін өндіру ісімен айналысып келе жатқанына биыл 77 жыл толады. Өндірісі шарықтап дамыған, кезінде кеңес одағы көлемінде танымал өнеркәсіп болған, өткен ғасырдаң 90 жылдары құлдырау, тоқырау кезеңінен өткен, жаңа ғасырдаң бастапқы екі онжылдығында қайта жандану, даму жолына түскен осынау жылдарда өндіріс саласында мыңдаған адамдар еңбек етіп, қажымас қайрат пен мұқалмас ерік, жігер көрсетіп қызу еңбектің қазанында қайнап шынықты. Өз кәсібилігін арттырды, еңбек тәжірибесін жинады. Сол мыңдаған адамдардың бірі, бірегейі деуге тұрарлық, бүгінгі мақалаға арқау болып азамат Оңтүстік Қазақстан облысының, Алғабас ауданының тумасы Омаров Серік Әжімұқанұлы.

Адам өмірге келіп оң-солын тани бастаған шақта болашақта қандай жұмыс жасаймын, нендей мамандық иесі боламын деген ой құшағында жүретіні анық. Біреуі аспан көгін аңсаған ұшқыш, енді біреуі білім, ғылым қуған оқымысты ғалым болсам десе, қарапайым жұмысшы, құрылысшы, механизатор болуды да армандайтындары болады. Ауылда туып өскен, жастайынан механизатор болсам деп армандаған Серік небәрі 17 жасында еңбек жолын 1979 жылы шілде айында Алғабас ауданының Бөген совхозында троктор жүргізушісі болып бастайды.1980-1982 жылдары армия қатарында әскери борышын өтейді.1983 жылдан бастап осы уақытқа дейін еңбек жолын фосфор кенін өндіру саласында бульдозер жүргізушісі мамандығына арнады. Алдымен «Қаратау» өндірістік бірлестігінің Оңтүстік-Шығыс кенішінде 3 разрядты бульдозер жөндеу жөніндегі слесарь болып төрт ай жұмыс атқарған соң, оның қарым-қабілетін байқаған кеніш басшылары Серікті осы кеніште бесінші разрядты бульдозер жүргізушісі болып ауыстырады. Серік өзі таңдаған мамандығының барлық қыр-сырларын жетік меңгерген. Жаздың ыстығында, қақаған қыстың суығында бульдозер жүргізуге екінің бірі мойын ұсына бермейді. Бірақ, Серік сол қиындықтардың бәрін тыңғылықты да тиянақты, жауапкершілікті, тынымсыз еңбегінің арқасында жеңе білді және мамандықты бес саусақтай меңгеріп алды. Еңбектің арқасында Серік еңбек ұжымы арасында улкен беделге ие болды. Өзінен кейінгі ізбасарларына үйретуден, оқытудан жалықпады. Оларға бульдозер жүргізушісі мамандығының басқа жүргізушілерден айырмашылығын, оның үнемі жер қыртыстарын тегістеумен, тау-тасты, құм-топырақты ысырып, үйіп, жайып отыратынын, оған бульдозерді жүргізу ғана емес, сонымен қатар, қалай ысырамын, қалай үйемін, қалай тегістеймін деген сұрақтарға жауап беретін қабілет болу керектігін айтып отырады. Оның қасынан ақыл, кеңес сұраған «аға мынаны қалай жасаймыз», «Секе ана жерін қалай дұрыстасам болады» деп сұрап жүрген кейінгі жас буын ізбасарларын көресіз. Серік қай-қайсысына болса да дұрыс жауабын беріп, үйретіп жіберуге әрдайым көңіл бөледі. Оларға «жігіттер, ізденіңдер, оқыңдар сонда жұмыста жеңіл болады» деп үлкендік, ағалық ақылын айтады. Соның арқасы болуы керек Серік әрдайым көпшіліктің, әріптестерінің ыстық ықыласына, разылық алғыстарына бөленді. Ол өндірістен қол үзбей оқи жүріп біліктілігін арттырып отырды. Жаңа техниканың өзгерістерін, механизмдерін дер кезінде біліп, үйренді. Мұның өзі оған кейінгі жылдары келіп жатқан жаңа техникаларды жүгендеп жүргізуге мүмкіндік берді.

ДИҚАНБАЙ АҚДІЛДА