Новости

«Казфосфат» Арал теңізінің экологиясын жақсартуға көмектеседі

Келісімге қол қойылды

Көптеген жылдар бойы Арал қасіреті бүкіл Орталық Азия аймағының экологиясы мен климатына әсер етуде. Жалаңаш теңіз түбінен ескен желдер көп мөлшерде тұзды шаңды, құмды және химиялық ластаушы заттарды жүздеген шақырымға апарып, экологиялық жағдайды айтарлықтай нашарлатып отыр.

Осы мәселені шешуге көмектесу мақсатында бүгін «Казфосфат» ЖШС бас директоры Ғани Тоқсанбаев пен Аралды құтқару халықаралық қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз арасында кездесу өтіп, онда тараптар «Арал теңізінің тартылған жеріндегі тәжірибелік алаңдарында фосфогипсті пайдалану бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу туралы» жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Келісімге қол қою алдында үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, оның аясында 2023 жылдың мамыр айында Аралды құтқару халықаралық қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясының ғылыми тобы, АҚШ Бас консулы Кэроллайн Сейдж, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада, ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры – Ханс Клюге, USAID миссиясы директорының орынбасары Луис Ривера және т.б. қатысуымен Арал теңізінің тартылған бөлігінде экспедиция өтті.

Аралды құтқару халықаралық қорының Қазақстандағы Атқарушы дирекциясының ұйымдастыруымен 2023 жылдың 25-26 мамырында Қызылорда қаласында жыл сайынғы конференция да Арал экологиясын жақсарту тақырыбына арналды. Оған «Казфосфат» компаниясын донор ретінде арнайы шақырған болатын.

Конференция барысында «Қазфосфат» ЖШС директорының кеңесшісі Ербол Құлжабаев 2023-2024 жылдар аралығында сексеуіл және басқа да өсімдіктердің тіршілігін арттыру мақсатында химиялық мелиорант – фосфогипсті Аралдың тартылған бөлігінде қолдану мүмкіндігін зерттеу бойынша жұмыстарды жүргізуді ұсынды. Жоба фосфогипсті пайдалана отырып, Арал теңізінің экологиясы мен топырақ ресурстарын жақсарту бойынша жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл тыңайтқыштар өндірісінде жанама өнім ретінде түзілетін кальций сульфаты гидраты. Аталған өнім топырақтың құнарлылығын тиімді қалпына келтіріп, тұздылықты азайта алады.

- Біз Арал теңізінің тартылған бөлігіндегі экожүйені қалпына келтіру бойынша қор жүргізіп жатқан іс-шараларын өте мұқият және үлкен құрметпен бақылап отырмыз. «Казфосфат» компаниясы да осы проблемаға баса назар аударып, пайдасын тигізіп, көлемді жобаға атсалысқысы келеді, - деп баса айтты Ербол Құлжабаев.

Айта кетерлігі, соңғы бірнеше жылда «Казфосфат» отандық жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып, фосфогипсті ауыл шаруашылығында мелиорант ретінде пайдалану жөнінде елеулі ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Бұл зерттеулер фосфогипстің топырақтағы қышқыл тұздарды бейтараптандыруға оң әсерін тигізетінін және ең бастысы топырақ қабатындағы ылғалды әлдеқайда ұзақ сақтау қабілетін арттыратынын көрсетті. Ал ондағы кальций мен фосфор қалдықтары топырақты пайдалы элементтермен байытады. Арал теңізі жағдайында бұл көрсеткіштердің барлығы сексеуілдің өмір сүру деңгейін 20–30%-дан 70–80%-ға дейін арттыруы мүмкін.

«Казфосфат» ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті көлемге қарай Арал теңізіне 500-ден 1000 тоннаға дейін фосфогипс жеткізуге қаржы бөледі. Сондай-ақ компания халықаралық қор үшін қажетті нәтижелерді алуды жеделдету мақсатында Қазалы сексеуіл питомнигіне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге тапсырыс береді.

Егер зерттеу оң нәтиже берсе, онда фосфогипстің үлкен көлемін тасымалдау өте қомақты қаражатты қажет етеді.

Яғни 1 гектар аумақ үшін 10-нан 30 тоннаға дейін (топырақ қабатының тұздылығына байланысты), сәйкесінше, 10 мың гектарға 300 мың тоннаға дейін фосфогипс қажет болады.

Мұндай қомақты көлемді «Казфосфат» тегін тиеп, жөнелтуге дайын. Алайда, Ербол Құлжабаев атап өткендей, теміржол көлігімен жүкті орнында түсіріп, тасымалдау 5-6 миллиард теңгені құрайды.

Компания мұндай шығындарды көтеруге дайын емес. Осы орайда Арал теңізінің қажеттілігіне арналған фосфогипсті жеткізу жауапкершілігін бөлісу мақсатында үкімет пен халықаралық қорларға үндеу дайындаймыз,- деді Ербол Құлжабаев.

«Казфосфат» үшін еліміздің экологиясын жақсартуға көмектесу – соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан көптеген әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі.